«Үздік педагог–2025» жеңімпаздары марапатталды

«Үздік педагог–2025» жеңімпаздары марапатталды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Үздік педагог-2025» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.

Конкурстың басты мақсаты — педагогтердің мәртебесін көтеру, олардың кәсіби біліктілігінің өсуіне қолдау көрсетіп, ынтыландыру, кәсіби шебер педагогтерді елге танымал ету, үздік педагогикалық практикаларды жариялау, тарату және насихаттау.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Үздік педагог-2025»  байқауының республикалық кезеңінің қатысушыларын құттықтап, «Үздік педагог» атағымен марапатымен және 300 МРП көлімінде ақшалай сыйлық табыстады.

«Бүгін біз білім саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты түрде қабылдап отырмыз. Бұл өз кәсібіне адал, шәкірт жүрегіне шамшырақ жаққан, ұлт болашағына қызмет етіп жүрген ұстаздарға деген шынайы құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұстаз – ел болашағын қалыптастыратын басты тұлға» — деп атап өткен болатын. Ұстаздар қауымы – келешек ұрпаққа білім беріп қана қоймай, адамгершілік, елжандылық, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді дарытатын мамандық иелері», — деп құттықтады Марат Сұлтанғазиев.

Облыс әкімінің құттықтау сөзінен кейін марапаттау рәсіміне қатысқан білім саласының өкілдері сөз алды. Олар «Үздік педагог» байқауы жай ғана марапаттау шарасы емес, өз ісіне адал, жаңашыл әрі білікті ұстаздарды анықтауға бағытталған көпсатылы кешенді жұмыс екенін атап өтті.

Байқаудың өту тәртібі, кезеңдері және бағалау критерийлері туралы толығырақ Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлжихан Иманхатова баяндады.

-«Республикалық үздік педагог конкурсы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 12 Бұйрығына сәйкес өткізіледі. Байқау үш кезеңде өтті. Бірінші кезең аудандық және қалалық деңгейде, екінші кезең облыстық деңгейде және одан үздік нәтиже көрсеткендер республикалық деңгейге жолдама алады. Байқаудың басты мақсаты заманауи талапқа сай, барлық инновациялық технологияларды кеңінен меңгерген тәжірибелі ұстаздардың  портфолиолары сараланады, содан кейін өздерінің үздік сабақтарын өткізеді. Алматы облысы бойынша республикалық деңгейге 10 мұғалім іріктелініп алынып, оның екеуі грант иегері атанды. Олар 1000 АЕК есебіндегі сыйақымен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды», — деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша Алматы облысының екі педагогі жеңімпаз атанды:

Әбеу Нұргелді – Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі;

Бухарбаева Динара Ермырзақызы – Жамбыл ауданы Қарасу орта мектебінің физика пәні мұғалімі.

 Сонымен қатар, республикалық кезеңге қатысып, өз кәсіби деңгейін жоғары деңгейде көрсеткен облыстың басқа да ұстаздары атап өтілді. Олар:

Даулешяр Бақытәлі Даулетярұлы – Жамбыл ауданы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі;

Баймолданова Мейрамбала Байтановна – Еңбекшіқазақ ауданы Рахат №1 орта мектебінің математика пәні мұғалімі;

Алимбаева Жайдары Даупасовна – Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі;

Сонабаева Феризат Бековна – Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі;

Аманжолова Назым Сергалиевна – Алатау қаласы №5 орта мектебінің биология пәні мұғалімі;

Байжарикова Шарипа Абдешовна – Алатау қаласы №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі;

Амреева Алия Хамиевна – Қонаев қаласы №2 орта мектебінің қазақ әдебиеті пәні мұғалімі;

Смағұлова Алфия Болатовна – Қарғалы №2 мамандандырылған лицейінің информатика пәні мұғалімі.

Осы ретте «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының III республикалық кезеңіне қатысушылардың бірі Алия Әміреева өз сезімімен бөлісті.

«Ұстаз мәртебелі мамандық, ұлы іс. Облыс көлеміндегі бүгінгі «Үздік педагог» шарасын ұйымдастырып, бізге осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан облыс әкімі Марат Елеусізұлына ұстаздар атынан алғысымыз шексіз. Өзім еңбек жолындағы 40 жылдық тәжірибемнің және осы жылдары жеткен біршама жетістіктерімнің нәтижесінде осы байқауда үздіктердің қатарында бой көрсеттім. Жыл сайын мыңдаған шәкірттерім облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. Бұл менің ұстаз ретіндегі игі істерімнің бірі деп өзіме баға беремін. Адал еңбек ету, еліміздің болашағын қалыптастыру – бұл менің ұлы мамандығым бойынша ұстанған ұлы миссиям деп білемін», — деп ағынан жарылды Қонаев қаласындағы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алия Әміреева.

Еске салсақ, «Үздік педагог-2025»  байқауының республикалық кезеңіне іріктеуге 18 педагог қатысып, 10 педагог республикалық кезеңге өтті. Жолдама алған педагогтер 8 қазанда Астана қаласының түрлі мектептерінде сабақ беріп өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, Үздік деп танылған екі ұстаз 24 қазан күні Астана қаласында өткен марапаттау рәсіміне қатысып, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК көлеміндегі грант иегері атанды.