
Алматы облысының ауылдық елді мекендерінде денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалып келеді. Ауыл халқының денсаулығын жақсарту мақсатында кешенді шаралар қабылдануда. Бұл – ел қажетіне сай жасалып отырған жақсы бастама.
Өңірде бірнеше медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның бірқатары Қарасай ауданына тиесілі.
Халық игілігі үшін салынып жатқан ғимараттардың бірі – Қарасай ауданының Үштерек ауылында бой көтеруде. Су жаңа дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады.
Тапсырыс беруші – «Алматы облысы құрылыс басқармасы» ММ, ал мердігер – «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС. Аталған ұйымдар құрылыс жұмыстарына бірлесіп жауапты.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның іргетасы 2024 жылдың маусым айында қаланған, ал құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Келесі нысан – осы аудандағы Абай ауылының тұрғындары үшін салынып жатқан медициналық мекеме. Оның техникалық сипаттамалары Үштеректегі амбулаториямен бірдей. Мұнда да бір ауысымда 50 адам қабылданады. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамыз айында басталып, биыл жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған.
Сондай-ақ қарасайлықтарды қуантатын тағы бір жағымды жаңалық – Қаратөбе ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы. Бас мердігер – «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС. Нысанның дайындық деңгейі 95 пайызға жеткен. Қалған жұмыстар желтоқсан айының соңына дейін аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.
Жалпы, Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді.