Алматы облысында жастар инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Алматы облысында жастар инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Соңғы екі жыл ішінде облыс аумағында жастарға арналған жаңа инфрақұрылымдық нысандар кезең-кезеңімен іске қосылып келеді. Атап айтқанда, Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарында заманауи форматтағы 4 жаңа жастар орталығының ғимараты пайдалануға берілді. Бұл орталықтар жастардың шығармашылық, білім, спорт және өзін-өзі дамыту бағытындағы бастамаларын қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар, Қонаев қаласы мен Іле ауданында жастар орталығы қызметін атқаратын бейімделген коворкингтер ашылып, жас буынға қолайлы орта қалыптастырылды. Мұнда жастар еркін жұмыс істеп, жобаларды іске асырып, түрлі тренингтер мен кездесулерге қатыса алады.

Келер жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. 2026 жылы Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында жаңа жастар орталықтары іске қосылып, облыстағы жастар инфрақұрылымының картасы толықтай жаңармақ.
Жастарға арналған қолжетімді кеңістіктер санының артуы — өңірдің даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі.

Бұл орталықтар жас көшбасшылардың қалыптасуына, олардың идеяларын жүзеге асыруға және қоғам өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндік береді.