
Қонаев қаласында өткен ауыл шаруашылығы күні аясында Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шарада өңірдің мал және өсімдік шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштері, өндіріс көлемі мен инвестициялық жобалар таныстырылды.
Мал шаруашылығы саласында облыс бірқатар рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Ет өндірісінен республика бойынша бірінші орынға шықты. Құс етін өндіруден екінші, ал жұмыртқа мен сүт өндірісі бойынша төртінші орында тұр. 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша саладағы тұрақты өсім жалғасып келеді.
Өсімдік шаруашылығында да оң динамика байқалады. Биыл облыс бойынша 412 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себіліп, 2,6 миллион тонна өнім жиналды. Жүгері мен өрік өндіруден өңір республикада бірінші орынға ие болса, алма, алмұрт, соя, жүзім және күріштен – екінші, көкөніс өндірісінен үшінші орында тұр.
Егістік алқаптарының тиімділігін арттыру үшін заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі бір жылда 1,7 есеге артып, 64,9 мың гектарға жеткен. «Assem Kaljat» серіктестігі тамшылатып суару технологиясына 19 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйып, жылына 100 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Өңдеу өнеркәсібінде де ірі жобалар іске асырылуда. Қуаттылығы жылына 1 миллион тоннадан асатын дайын өнім шығаратын «Қапшағай Бидай Өнімдері» кәсіпорны жұмысын бастады. Сонымен қатар «PepsiCo Central Asia» компаниясы 20 мың тонна тұзды жеңіл тағамдар өндіретін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. «QAZAQ GLOBAL FOOD JV» серіктестігі жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдейтін кәсіпорын салуда. Бұдан бөлек, жылдық қуаттылығы 900 мың тонна болатын жаңа қант зауытының жобасы пысықталуда.
Инвестиция көлемі де айтарлықтай артты. 2025 жылдың он айында агроөнеркәсіптік кешенге 111 миллиард теңгеден астам қаржы тартылса, жыл соңына дейін қосымша 23,7 миллиард теңге инвестиция күтілуде. Жалпы құны 33,5 миллиард теңгеге тең 17 инвестициялық жоба жоспарланған, оның сегізі іске асырылған. Ал жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 38 ірі жоба өңірлік пулға енгізіліп, нәтижесінде 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
2025–2026 жылдарға арналған мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалды. Жоспарланған 2 941 мың тоннаның орнына 3 101,6 мың тонна азық дайындалып, көрсеткіш 105,5 пайызды құрады. Сонымен қатар, 7,9 миллиард теңгеге 448 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Биылғы басты жетістіктердің бірі – Алматы облысының әлемдік деңгейде танылуы. «Даулет-Бекет» ЖШС бастамасымен 1 мың түйеден құралған керуен өтіп, “Әлемдегі ең үлкен түйе керуені” ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығындағы бүгінгі жетістіктері – жүйелі мемлекеттік қолдау мен еңбек адамдарының тынымсыз жұмысының нәтижесі. «Біздің басты мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін толықтай қайта өңдеуге бағыттау, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл тұрғындарының табысын көбейту. Алдағы жылдары су үнемдеу технологиялары кеңейіп, жаңа өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.
Қорытындылай келе, Алматы облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда тұрақты өсім мен жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өндіріс көлемінің артуы, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы және халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктер өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетінің жылдан жылға күшейіп келе жатқанын айқын көрсетті.