
Алматы облысы соңғы бірнеше жылда мектептердің дамуына және оқушылардың қабілетін қолдауға ерекше назар аударып отыр. Оның нәтижесі айқын көріне бастады: жаңартылған ауыл мектептері, олимпиадаға дайындалатын жаңа орталықтар, сондай-ақ оқушылардың республика және халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің өсімі.
Өңірде білім беру инфрақұрылымына бағытталған инвестициялар енді жай ғана «қағаздағы үлкен көрсеткіштер» емес. Олар оқушылар үшін шынайы мүмкіндікке айналып келеді. Білім басқармасының дерегіне сүйенсек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2022–2025 жылдары облыстағы тоғыз ауыл мектебі толықтай жаңғыртылды. Кабинеттер жабдықталып, жаңа техника орнатылды. Осылайша шалғай ауылдардағы балалар қала мектептерімен тең деңгейде сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Жаңғыртылған мектептерде олимпиадалық дайындық кабинеттері, коворкинг аймақтары және қосымша білім беру студиялары ашылып жатыр. Мұндай кеңістіктер оқушылардың жеке және топтық жаттығуларына, жобалар жасауына, сондай-ақ интеллектуалдық жарыстарға тиімді дайындалуына қолайлы жағдай жасайды.
Сонымен қатар кадрлық әлеует те нығайтылып жатыр. 2025 жылы облыста 8 мыңнан астам педагогты қайта даярлау және біліктілігін арттыру көзделген. Бүгінде 7159 мұғалім жетекші орталықтарда оқудан өтті. Білім басқармасы бұл қадам қазіргі әдістемелерді мектептерге енгізуге және оқушылардың үлгерімін жақсартуға тікелей әсер етіп отырғанын айтады.
Бұл өзгерістер мектеп бітірушілердің көрсеткішінде де байқалады. 2025 жылы облыста 17 940 түлек мектеп аяқтады. Оның 7681-і, яғни 44 пайызы, мемлекеттік грантқа ие болды. Сонымен қатар үздік бітірушілер саны артқан: 1432 оқушы «Алтын белгі» алды, тағы 1513 түлек үздік аттестатпен мектеп бітірді.
Қазір өңірде инфрақұрылым, мұғалімдерді даярлау және дарынды балаларды қолдау бағыттары біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей бастады. Осы жүйелі жұмыс Алматы облысының соңғы жылдары мектеп жетістіктері бойынша елде алдыңғы қатарға шығуына себеп болып отыр.