
Ақши елді мекенінде бірнеше аптаға созылған ауызсу тапшылығы шешімін тапты. Ауылға орталықтандырылған су жүйесі арқылы ауызсу қайта берілді. Бұл жағдай «Бозой топтық су құбыры» жүйесінде болған апаттан кейін туындаған еді. 6 қарашада ұзындығы 72 шақырымды құрайтын негізгі магистральді құбырда ақау орын алып, Ақсай ауылдық округі мен жақын орналасқан Қонаев қаласынан су тасымалдау ұйымдастырылған. Тұрғындар шамамен бір ай бойы тек тасымалданған суды пайдалануға мәжбүр болды.
Апаттан кейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аппараттық кеңес өткізіп, мәселені жедел шешу үшін резервтік қаржы бөлгізді. Нәтижесінде ұзындығы 2,6 шақырымға созылған ескірген құбырды ауыстыру жұмыстарына 137 миллион теңге бағытталды.
Жедел жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында бүгін Ақши ауылына қайтадан таза ауызсу берілді.
Ауыл халқы бірнеше апта бойы бастан өткерген қиындықтардың артта қалғанына риза.
Динора Сафарова, Ақши ауылының тұрғыны: «Өте қиын болды. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен резервтен қаржы бөлініп, екі шақырымнан астам әбден ескірген құбыр тез арада ауыстырылды. Соның арқасында ауылымызға қайтадан ауызсу беріле бастады», – дейді ол.
Ал тағы бір тұрғын Құралай Амантаева орталықтандырылған су жүйесінің қайта қосылуын үлкен қуанышпен қабылдағанын айтады: «Бүгін ауылымызға тәтті су қайта келіп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Осы іске себепкер болған азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді ол.
Санэпидемиологиялық қызмет мамандары ауылдағы бірнеше үйден су сынамасын алып, зертханаға жолдады. Қорытындысы 2–3 күн ішінде белгілі болады.
Су беру толық қалпына келгенімен, сақтық мақсатында арнайы көліктермен тасымалданатын ауызсу қызметі әзірге жалғаса береді.
«Бозой топтық су құбыры» мекемесінің басшысы Нұрислам Сайлаубаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда су қысымы тұрақты, насос станциялары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда болашақта осындай жағдайдың қайталанбауы үшін магистральдің толық жаңартылуы қажет.
«Бұл құбырдың 72 шақырымын толық ауыстыру керек. Сонда мұндай проблемалар болмайды. Қазіргі су қысымы жақсы, Ақшиге су бірқалыпты келіп тұр», – деді мекеме басшысы.
Өткен жылы Ақши ауылында жаңа ауызсу жүйесін тарту жобасы әзірленген. Мамандардың есебі бойынша, оның жалпы құны 7 млрд 400 млн теңгені құрайды. Қажетті қаржы бөлінсе, ауылдағы ауызсу мәселесі толық шешімін табатын болады.