Алматы облысы мен NATA Holding жаңа серіктестік бастады

Алматы облысы мен NATA Holding жаңа серіктестік бастады

Алматы облысы мен түркиялық халықаралық компания NATA Holding арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы өңірде ірі стратегиялық инфрақұрылымдық серіктестікті қалыптастырудың алғашқы қадамы болды. Құжат тараптардың аймақты кешенді дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларды жаңа деңгейде жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді. Келіссөздерге компанияның жоғарғы басшылығының қатысуы жоспарланған әріптестіктің стратегиялық маңызы мен инвестициялық бастамалардың салмағын айқын дәлелдейді.

Кездесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық басқарма басшылары, Қонаев пен Алатау қалаларының әкімдері, сондай-ақ холдингтің басшылығы мен қазақстандық өкілдері қатысты. Түркия тарапынан келген делегацияны NATA Holding компаниясының бас директоры және қаржылық, техникалық, келісімшарт бағыттарының үйлестірушілері бастап келді.

“Алматы облысы бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Біз инфрақұрылымды жаңғырту, көлік желісін дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және жаңа өндірістік аймақтарды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарудамыз. NATA Holding өзінің кең портфолиосымен, инженерлік тәжірибесімен және халықаралық беделімен біз үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Жолдар, көпірлер, инфрақұрылымдық нысандар салу және ірі девелоперлік жобаларды жүзеге асыру бойынша жинақтаған тәжірибелеріңіз бірлескен жұмыстың кең мүмкіндіктерін ашады. Жер телімдерін таңдаудан бастап рұқсат құжаттарын алуға дейін — барлық кезеңде сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әзірміз”, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Өз кезегінде NATA Holding өкілдері көрсетілген қолдау мен өңірдегі бизнеске жасалған қолайлы жағдай үшін алғыс білдірді. Холдинг директорлар кеңесінің төрағасы Намык Танык меморандумның болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізіне айналатынын, екіжақты жұмыстың бағыттарын нақтылап, бірлескен жобаларды жан-жақты талқылауға жол ашатынын айтты.

NATA Holding – әлемдегі ірі 100 құрылыс компаниясының қатарына кіретін халықаралық холдинг. Компания ауқымды инфрақұрылымдық жобаларымен танымал. Солардың ішінде Түрікменстанда 500 күнде 180 көпір салу жобасы Гиннестің рекордтар кітабына енген ерекше нәтижелердің бірі. Сонымен қатар компания Түркиядағы ең ірі сауда орталықтары желесін құрған.

Сапар барысында делегация Қонаев қаласындағы «Жаңа Іле» кешенді даму аймағында болды. Бұл аумақта ауқымды тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Инвесторларға жаңа ауданның газ, су және электр желілері бойынша жобалар таныстырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны ондаған миллиард теңгеге бағаланатыны атап өтілді. Бұдан бөлек, Шенгельді массивіндегі суару жүйелерін жаңғырту жобасы көрсетілді. Ол насос станцияларын жаңарту және мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтуға бағытталған. Аталған бағыттар холдингке әлеуетті инвестициялық жобалар ретінде ұсынылды.

Сондай-ақ делегация Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» компаниясының «Наукоград» жобасымен танысты. Бұл жоба шамамен 1 триллион теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейді.

Кездесу барысында тараптар өзара әрекеттесудің негізгі тетіктерін талқылап, өңірдің инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетімен жан-жақты танысты. Қол қойылған меморандум алдағы нақты келіссөздерге негіз болып, жаңа бірлескен жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ол Алматы облысының инфрақұрылымдық даму міндеттерін шешуге халықаралық холдингтің тәжірибесі мен ресурстарын тартуға жол ашады.