
Талғар қаласындағы №7 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушылары Аңсар Сарқытбек пен Айша Назар халықаралық білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсетіп, Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Cambridge бағдарламасы бойынша білім беретін халықаралық мектептің грантының иегерлері атанды.
Тестілеу қорытындысы Аңсар Сарқытбек пен Айша Назардың жоғары деңгейдегі дайындығын, айқын қабілеттерін және білімге деген зор құштарлығын көрсетті. Сарапшылар бұл гранттың оқушылардың табандылығы және жүйелі еңбегінің нәтижесінде берілгенін атап өтті.
Халықаралық грант иегерлері 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап 4-сыныптың екінші жартыжылдығын Малайзиядағы халықаралық мектепте жалғастыратын болады. Оқушылардың оқу ақысы толық көлемде төленіп, барлық қажетті академиялық қолдау көрсетіледі.
Қуанышты жаңалықты мектеп ұжымы ыстық ықыласпен қабылдап, оқушылар мен олардың ұстаздарын құттықтады.
Шетелде білім алу жас дарындар үшін болашақтағы жетістіктерге бастар маңызды қадам болып, жаңа халықаралық мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде.
Аңсар мен Айшаның жеңісі — талғарлық оқушылардың білімге деген жоғары ұмтылысы мен әлеуетінің дәлелі. Педагогтер мен ата-аналар балалардың алдағы уақытта да жаңа биік белестерді бағындыратынына сенімі мол.