Алматы облысында құны 289 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба - алып металлургиялық зауыт салынуда

Алматы облысында құны 289 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба - алып металлургиялық зауыт салынуда

Алматы облысындағы «Қазыбек бек» индустриялық аймағында Asia United Steel сталь өндіру желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба өңірдің жаңа өнеркәсіптік алыптарының бірі ретінде бағаланып отыр. Зауыт шамамен 600 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр, үш кезеңде жүзеге асырылады, жылына 1,2 млн тонна болат өндіреді және еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың біріне айналмақ.

Алпауыт нысанның алғашқы іргетасын қалау рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, шетелдік инвесторлар мен жобалық ұйымдардың басшылары қатысты. Өңір басшысы бұл қадам облыстың ғана емес, тұтас ел экономикасының әлеуетін арттыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін беру қажеттігін айтқан болатын.

-"Asia United Steel зауытының құрылысы – өңірдің жаңа индустриялық серпіліске жасаған қадамы. Әрбір осындай зауыт – жаңа мүмкіндіктер, жұмыс орындары, технологиялар мен бюджетке құйылатын салық. Облыс өз өндірістік қаңқасын қалыптастырып, ел экономикасын нығайтып келеді, жоба стратегиялық маңызға ие"—, деді өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев.

Өндірістік алаң «Қазыбек бек» индустриялық аймағында 78 гектар жерге орналаспақ. Бұл аймақта жалпы құны 640 млрд теңгеден асатын жобалар портфелі бар 11 инвестор орналасқан, шамамен 2,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Алматы облысы индустриялық аймақтарының басқарушы компаниясының бас директоры Ербол Шокаевтың айтуынша, инвесторларға индустриялық аймақтың 900 гектарының 567 гектары бөлінген. Алдағы екі жылда аймақ толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі — 150 МВт электр қуаты, тәулігіне 8000 м³ су, тәулігіне 100 вагондық жүк жөнелтуге мүмкіндік беретін теміржол логистикасы. Құрылысты бастау үшін қатысушылар уақытша электр және су желілерімен қамтылған.

Инвесторлар да сөз сөйлеп, Алматы облысын ең басым бағыттардың бірі ретінде таңдағандарын жеткізді.
— "Біз сіздермен ынтымақтастықта қуана жұмыс істейміз. Ұзақ талдаудан кейін болат өндіру зауытын салу үшін дәл осы өңірді таңдадық. Мақсатымыз — Орталық Азияны шикізатпен қамтамасыз етіп, заманауи өндіріс құру", — деді Asia United Steel компаниясының негізін қалаушы Лин Гуощун.

Айта кетейік, жобаны толықтай шетелдік инвесторлар қаржыландырады. Өндіріс ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие құрылыс және өндірістік өнімдер өндіруге бағытталады.

Капсула салу рәсімінің алдында Жамбыл ауданының ақсақалы Абден Есперов құттықтау сөз сөйлеп, бұл оқиға тұрғындар үшін айтарлықтай қуаныш екенін айтты. Ақсақал жобаның ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретінін мәлімдеп, бастаманың табысты әрі берекелі болуын тіледі.

Кәсіпорын құрылысы бірнеше кезеңнен өтіп 2027 жылға дейін толық аяқталмақ. Зауыт балқытуға арналған энергия тиімді пештермен жабдықталады. Электр энергиясының қолданылуы қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтады, ал өндіріс толықтай экологиялық стандарттарға сай болады. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін Asia United Steel Қазақстандағы болат өнімдерін экспорттайтын жетекші кәсіпорындардың біріне айналып, өңірдің ғана емес, тұтас елдің өңдеу секторын күшейтеді.