Ұйғыр ауданының 90 жылдығына арналған бес күндік форумдар сериясы өтті

Ұйғыр ауданының 90 жылдығына арналған бес күндік форумдар сериясы өтті

2025 жылғы 17–21 қараша аралығында Ұйғыр ауданында ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған бес күндік ауқымды форумдар сериясы өтті. Іс-шаралар мәдениет, білім, спорт, кәсіпкерлік және қоғамдық даму салаларын қамтыды. Негізгі басқосулар Чунджа ауылының Мәдениет үйінде, сондай-ақ ауданның өзге де алаңдарында ұйымдастырылды. Бағдарламаның басты мақсаты – Ұйғыр ауанының рухани әлеуетін ілгерілету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ғылым мен шығармашылықты қолдау және өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру болды.

Форумдар аясында білім беру жүйесінің жетістіктері мен ғылыми зерттеулерге арналған пікірталас алаңдары жұмыс істеді. Қазақстанда және шетелде білім алып жүрген жас ғалымдардың қатысуымен пленарлық отырыстар өтті. Қонақтарға білім беру ұйымдарының көрмелері ұсынылып, жетекші профессорлар мен ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар, 9–11 сынып оқушыларына арналған танымдық және кәсіби бағыттағы секциялар ұйымдастырылды.

Әдебиет пен мәдениет күні аясында ауданнан шыққан ақындар, жазушылар, актерлер мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен шығармашылық кездесу өтті. Жиында ұлттық рух, өнердің қоғамдық дамудағы рөлі және ұрпақтар сабақтастығы мәселелері сөз болды.

Спорт пен денсаулық күніне арналған іс-шараларда дзюдо, бокс және қазақ күресі бойынша шеберлік сабақтары мен көрсетілімдер ұйымдастырылды. Жас спортшылар тәлімгерлермен және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен мотивациялық кеңестерін тыңдады. Ашық спорт алаңдарында тұрғындарға арналған жаттығулар өткізілді, бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етті.

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік күні әйелдердің бизнес пен ауылдық бастамаларды дамытудағы рөліне арналды. Форумға қатысушы әйелдер кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін, экономикалық белсенділікті арттыру мәселелерін және қоғамдық өмірдегі әйелдердің әлеуметтік маңызын талқылады. Осы күні марапаттау рәсімдері өтіп, отандық тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

21 қарашада өткен қорытынды іс-шара форумдар сериясының басты түйіні болды. Қонақтарға «Мәдениет – ұлт айнасы» атты көрме ұсынылып, «Тарих парақтарындағы 90 жыл» атты деректі фильм көрсетілді. Ауданның болашақ даму моделіне арналған жасанды интеллект AiSharyn әзірлеген цифрлық жоба көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама «Шарын – шаттық мекені» атты концертпен аяқталды.

Бес күнге созылған ауқымды бағдарлама Ұйғыр ауданының мәдени мұрасын, қазіргі әлеуетін және бірлік, жаңару мен жасампаздыққа негізделген даму ұмтылысын кеңінен танытқан маңызды оқиға болды.