Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа Talgar Eco City қаласын салуға жауапты «Talgar Development Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуді ашқан өңір басшысы заманауи қаланы облыс аумағында салудың стратегиялық маңызын атап, бұл бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретініне тоқталды.
Жиын барысында әкім БАӘ мен Қазақстаннан келген инвесторларға облыстың әлеуетін таныстырып, Алматы облысының ауыл шаруашылығы мен туризмнің ірі орталығы екенін және экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын көрсетіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ өңірде шетелдік инвестиция қатысатын бірқатар ірі жобалар табысты жүзеге асырылып жатқаны жеткізілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ірі инвестициялық жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Біз үшін әрбір инвестор маңызды. Бизнес жүргізу үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Ынтымақтастығымыз өңірдің дамуына, жұмыс орындарын құруға және озық технологияларды енгізуге айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін», — деді Марат Сұлтанғазиев.
«Talgar Development Ltd» компаниясының өкілі Хайссам Каддура жобада тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, сауда және ойын-сауық объектілері салынатынын, сондай-ақ жасыл қоғамдық кеңістіктер құрылатынын айтты. Экологиялық талаптарды сақтау мен «жасыл» технологияларды қолдану басты басымдық болады. Жаңа қала 180 мың тұрғынға есептеліп, жалпы аумағы 11,8 млн шаршы метрді қамтиды. Жоба аясында жасанды интеллект элементтері бар инновациялық инфрақұрылым құру, 36 мың жұмыс орнын ашу және 14 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тарту көзделген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа қала аумағында ғылыми-зерттеу орталықтарын орналастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ғылыми және технологиялық әлеуеттің ықпалдасуын күшейтеді.
Өңір әкімі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Облыс әкімдігі инженерлік желілерді қосу және сыртқы инфрақұрылымды дамыту бағытында тиісті көмек көрсетеді. Talgar Eco City жобасының бас жоспарын БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы әзірледі. Биыл шілде айында Астана халықаралық қаржы орталығы базасында «Dinar Holding Ltd» (Қазақстан) және БАӘ-ден «44Degree» компанияларының қатысуымен «Talgar Development Ltd» бірлескен кәсіпорны құрылған болатын.