Ақши ауылындағы су құбырларының жағдайы туралы

Ақши ауылындағы су құбырларының жағдайы туралы

Іле ауданына қарасты Ақши ауылындағы су құбырлары желісі ҚР Су ресурстары министрлігіне қарасты «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның балансында тұр. Ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеуінен желілердің тозуы сын көтермес деңгейге жетіп, Ақши ауылында орын алған апаттық жағдайдың басты себебіне айналды.

Көп жылдар бойы құбырлар бірнеше рет жарылып, олар тек жергілікті деңгейдегі жедел жөндеумен ғана қалпына келтіріліп келген. Бұл мәселені жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермеді. Алайда биылғы жылдың 6 қарашасында орын алған ірі жарылыс бүкіл жүйені істен шығарып, ауылға ауыз су беруді толықтай тоқтатты.

Апаттан кейін шұғыл түрде облыс әкімдігі, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның «Алатау» Бозой топтық су құбыры филиалы өкілдерінен құралған ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия су құбырларының жағдайын жедел бағалап, зақымданған учаскелерді анықтау және қажетті авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін белгілеу жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар, облыс әкімінің резервінен шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін қаражат бөлу мәселесі қаралуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде зақымдалған учаскелер қалпына келтіріліп, жүйе тұрақты жұмыс режиміне көшіріліп, Ақши ауылы тұрғындары ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады.