Алматы облысы білімге инвестицияны ұлғайтып, түлектерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр

Алматы облысы білімге инвестицияны ұлғайтып, түлектерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр

Алматы облысында жастардың жоғары білімге қолжетімділігі артып келеді. Биыл мектеп бітірген 17 940 түлектің жартысына жуығы – 7 681 жас мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орындарына қабылданған. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары өңірдің білімге басымдық беріп отырғанын айғақтайды.

Грант иегерлерінің ең көп саны Талғар ауданында тіркелді. Сондай-ақ Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласы да жоғары нәтижелер көрсеткен.

Сала мамандарының айтуынша, биыл педагогикалық бағыт ең танымал мамандықтардың бірі болған – 1 440 түлек осы саланы таңдаған. Одан кейін 770 жас медициналық мамандықтарға, 543-і аграрлық бағытқа құжат тапсырған. Қалған 4 928 түлек инженерия, IT және әлеуметтік-экономикалық мамандықтарды таңдаған.

Өңір үшін биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – 27 түлектің Қытай Халық Республикасындағы Синьцзян университетінен тегін білім алуға грант иеленуі. Шетелге аттанған жастар Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандары мен Қонаев, пен Алатау қалаларынан. Бұл – Алматы облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асып жатқан халықаралық білім беру бағдарламасының бір бөлігі.

Шетелде білім алып жүрген студенттердің өзі бұл мүмкіндікті үлкен қолдау деп бағалайды.

«Алматы облысы әкімдігі берген гранттың арқасында Қытайда оқуға мүмкіндік алдым. Бұл – сапалы білім алып, елге келіп өзім таңдаған мамандық бойынша қызмет етуге ашылған жол», – дейді Синьцзян университетінің студенті Нұрәли Қыдырхан.

 

Синьцзян медициналық университетінде оқып жүрген Қарақат Тұрғынбай да жағдайдың жақсы екенін айтады. «Бөлмеде екі студент тұрамыз, оқу базасы өте мықты. Түрлі елден келген жастармен танысып, тәжірибе алмасып жүрміз. Бұл болашақта білікті маман болуға үлкен ықпал етеді», – дейді ол.

 

Синьцзян қаржы және экономика университетінің студенті Аяулым Арыстанбекова халықаралық білім берудің жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. «Әлемдік деңгейдегі университетте оқу – үлкен мәртебе. Алматы облысы мен Қытай арасындағы келісімдердің нәтижесінде көптеген студент тегін оқып жатыр. Бұл біліммен елге оралып, Отанға қызмет етуге ниеттіміз», – дейді ол.

Сонымен қатар, облыс әкімінің жергілікті бюджет есебінен бөлінген 30 гранты да биыл талапкерлерге қолжетімді болды. Оның 17-сі медицина саласына (оның ішінде 12 – интернатура), 7 грант аграрлық бағытқа, 6 грант педагогикалық мамандықтарға берілген.

Өңір билігінің айтуынша, бұл гранттар Алматы облысының кадрлық әлеуетін арттыруға, ауылдық өңірлерге білікті ұстаздар мен дәрігерлерді тартуға және жастардың жоғары білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.