Алматы облысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық Тіл форумы өтті

Алматы облысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық Тіл форумы өтті

Алматы облысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық Тіл форумы өтті. Шараға өңірдің білім беру ұйымдары мен тіл оқыту орталықтарынан 150-ге жуық маман қатысты. Форум барысында педагогтер кәсіби біліктілікті арттыру, оқыту әдістемесін жетілдіру және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.

Форум екі бөлімнен тұрды: TEDx форматына негізделген пленарлық жиын және тәжірибе алмасуға арналған секциялық сабақтар. Жиынның негізгі мақсаты – қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, оқушылардың оқу және тілдік сауаттылығын дамыту, педагогтердің шығармашылық әлеуетін күшейту.

Қатысушылар форумның мұғалімдерге жаңа әдістемелерді меңгеруге, озық тәжірибелермен бөлісуге және инновациялық тәсілдерді сабақ үдерісіне енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дарья Ерболатқызы функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллектті қолдану мәселелерінің өзектілігін айтты:
«Мен функционалдық сауаттылық секциясында спикер ретінде қатыстым. Әр мектептің тәжірибесін талдау, ЖИ-пен жұмыс жүргізу — қазіргі таңда өте маңызды тақырыптар», – деді ол.

Бұл Тіл форумының Алматы облысында екінші мәрте ұйымдастырылуы. Биыл форумға 150-ден аса педагог қатысты.

Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мұғалімдерге әдістемелік қолдаудың маңызын атап өтті:
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері заман талабына сай білім беруі қажет. Біз өз тарапымыздан жан-жақты әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз. Форумның басты мақсаты — қазақ тілінің тазалығын сақтап, оқыту сапасын арттыру», – деді ол.

Халықаралық «Qazaq Tili» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы білім саласындағы тіл оқытудың сапасы жалпы тіл саясатына әсер ететінін атап өтті:
«Егер білім беру жүйесінде тіл оқыту ісі дұрыс жолға қойылса, түлектер қазақша сауатты сөйлеп, әдемі жаза алады. Бұл өз кезегінде тілдің басқа салаларда да кеңінен қолданылуына жол ашады», – деді ол.

Шара барысында қазақ тілін дамытуға үлес қосқан ғалымдар мен тіл жанашырлары марапатталды. Ұйымдастырушылар Тіл форумын жыл сайын өткізіп, мемлекеттік тілді оқыту сапасын одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.