
Өңірдегі 373 елді мекеннің 355-і кең жолақты интернетпен қамтылса, соның 352-і мобильді интернетті емін – еркін қолдана алады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл айтты.
Ауылды жерлер енді интернеттен таршылық көрмейді.
Жыл басынан бері облыстағы бірқатар ауылдар мобильді интернетпен қамтылды. Бұл қатарда, Еңбекшіқазақ ауданының Көкпек, Ұйғыр ауданының Рахат, Балқаш ауданының Қоскүмбез, Кеген ауданының Ақай Нүсіпбеков ауылдары бар. Аталған жұмыстар мұнымен тұралап қалмайды. Жыл соңына дейін Қарасай ауданының Көктөбе ауылында 4G іске қосылып, Кеген ауданының Талды ауылында интернет жылдамдығы арта түспек.
- «Қолжетімді интернет» жобасы бойынша OneWeb спутнигі Қарасай ауданының Айқым, Кұрқұдық, Жыңғылды, Кеген ауданының Жіңішке, Балқаш ауданының Қасқаөгіз ауылдарына орнатылды. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданының Қарабастау, сондай-ақ Қарасай ауданының Көктөбе ауылдары қосылады,-дейді спикер.
Ендігіде үйлер мен мемлекетітк мекемелер былай тұрсын, қоғамдық орындарда да тегін Wi-Fi-ға қосылуға мүмкіндік болады.
Ғаламторды кедергісіз қолдануға қолайлы жағдай жасалған соң да аймақта жасанды интелекттіні дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда 9 425 бейнабақылау камерасы ЖИ арқылы жұмыс істеп тұр. Олар тұлғаларды тану, қалдырылған қауіпті заттарды анықтау, сондай-ақ адамдардың шоғырлануын анықтау сияқты функционалмен қамтылған.
Бүгінгі күні облыста республика бойынша алғашқы жасанды интеллект жүйесі – Qonaev AI пилоттық режимде іске қосылған. Жаңа жүйе әкімдіктер мен басқармалардың деректерін біріктіріп, тиісті шешімдер ұсынады.
Айта кетейік, өңірдің цифрлық трансформация картасы әзірленген еді. Қазіргі уақытта бұл стратегиялық құжат Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде қаралуда.