Nata Holding өңірге инвестиция салуға ниетті

Nata Holding өңірге инвестиция салуға ниетті

Түркияда Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Самат Ахилбеков Nata Holding компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және негізін қалаушысы Намық Таникпен кездесті. Кездесуде жаңа қала салу және өңір инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Намық Таник ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, Алматы облысына келіп, инвестициялық мүмкіндіктермен танысуға ниетті екенін жеткізді.

«Қазақстан – зор әлеуеті бар ел, ал Алматы облысы ерекше маңызға ие. Біз өңірге келіп, заманауи қала құрылысына үлес қосуға дайынбыз», — деді Намық Таник.

Кездесу барысында облыс делегациясы құрылыс, туризм және логистика салаларындағы жобаларды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін таныстырды.

Nata Holding — Түркияның жетекші девелоперлік компанияларының бірі, VEGA брендімен жүзеге асырылған Vega AVM İstanbul (190 мың ш.м.) сияқты жобаларымен танымал. Компаниямен әріптестік өңірдің инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық сапа стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.