
Қарасай ауданында тұрғындардың қалаға қатынауын жеңілдету мақсатында жаңа №83 бағыттағы автобус маршруты іске қосылды. Енді Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылының тұрғындары Алматы қаласындағы «Қалқаман» шағынауданына небәрі 10–15 минутта жететін болады. Жоба аудан әкімі Жасұлан Естеновтің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жақында жолға шыққан заманауи әрі жайлы автобустарда бейнебақылау камералары орнатылған, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған орындар қарастырылған. Бағыттың алғашқы күнінде көксайлықтар жаңа автобустың ішінде дәстүрлі «шашу» рәсімін өткізіп, домбырамен ән шырқап, қуанышты сәтті атап өтті.
Жаңа бағыттың қозғалысы «Үлгілі» шағынауданынан басталып, Ақсай, Арай және Жаңа ғасыр көшелері арқылы «Қалқаман» шағынауданына дейін жалғасады. Автобустар күн сайын таңғы 6:30-дан кешкі 22:30-ға дейін қатынайды. Жолақы «Оңай» төлем жүйесі арқылы төленеді, құны – 120 теңге. Белгілі бір санаттағы жолаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Қазіргі уақытта бағыт бойынша төрт автобус қызмет көрсетеді, ал жолаушылар ағынына қарай олардың санын 11-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.
– "Бұл бағыт біз үшін өте қажет еді. Күн сайын Алматыға оқушылар мен студенттер қатынайды, басқа тұрғындарға да түрлі шаруамен бару керек болады. Бұған дейін жол қиындығын көп көрдік. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Аудан және ауыл басшылығына уәделерін орындағандары үшін алғыс білдіреміз", – дейді Көксай ауылының тұрғыны Райса Мутанқызы.
Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Аркен Кенжебайдың айтуынша, №83 бағыттағы маршрутты іске қосу қажеттілігі биыл көктемде аудан әкімі Жасұлан Естеновтің тұрғындармен кездесуінде көтерілген. Сол кезде округ әкімдігіне нақты тапсырма беріліп, ол қысқа мерзім ішінде орындалды.