
Алматы облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Данияның аквакультураға арналған жем өндіру бойынша әлемдік көшбасшыларының бірі – Aller Aqua компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңір аумағында балық жемін өндіретін зауыт салу мәселесін талқылады.
Кездесуге Aller Aqua компаниясының бас директоры Андерс Биллинг, TMT Group компаниясының құрылтайшысы Марлен Тұрсынәлі және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысты.
Рустам Исатаев өз сөзінде Алматы облысының табиғи және логистикалық мүмкіндіктері мұндай жобаларды жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті.
– Облыс үшін инновациялық технологияларды тарту – басым бағыттардың бірі. Aller Aqua компаниясымен әріптестік орнату арқылы біз аквакультура саласының өндірістік әлеуетін арттырамыз және өңір экономикасына жаңа серпін береміз, – деді әкім орынбасары.
Өз кезегінде Андерс Биллинг компания қызметі туралы ақпарат беріп, Aller Aqua өнімдерінің бүгінде 70-тен астам елге экспортталатынын атап өтті.
– "Біздің зауыттар қай елде орналасса да, сапа стандарттары бірдей. Қазақстан аквакультураны дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие, сондықтан біз бұл үдеріске өз үлесімізді қосуға дайынбыз", – деді ол.
Марлен Тұрсынәлі компанияның он жылдан бері Aller Aqua-ның ресми дистрибьюторы екенін және қазақстандық жүзден астам балық шаруашылығы дат өнімін пайдаланатынын айтты.
– "Еуропалық технологиялар мен жергілікті жағдайлардың үйлесімі жоғары нәтижелерге жеткізді. Өңірде зауыт іске қосылса, импортқа тәуелділікті азайтып, саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деді ол.
Серік Сермағамбетов жобаны қолдай отырып, еліміздегі балық шаруашылығының даму әлеуетін атап өтті.
– "Қазақстанда су ресурстары мол және ішкі нарықтағы сұраныс артып келеді. Осы бағытта жем базасын нығайту – маңызды міндет. Aller Aqua секілді тәжірибелі инвесторлардың келуі саланың технологиялық деңгейін арттырады", – деді комитет төрағасы.
Кездесу соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті, Алматы облысының әкімдігі, Aller Aqua және TMT Group арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды, инфрақұрылымды дамытуды және тәжірибе алмасуды көздейді.
Рустам Исатаев меморандум жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.
– "Бұл келісім аквакультура саласына тың серпін береді, шетелдік инвестиция тартуға және мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігін қалыптастыруға жол ашады", – деді ол.