«JAS STARS» өнер байқауы – жас таланттардың жарқын сахнасы

«JAS STARS» өнер байқауы – жас таланттардың жарқын сахнасы

Алматы облысының Қарасай ауданында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған «JAS STARS» өнер байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – өнер саласындағы дарынды жастарды қолдау, олардың қабілеттерін дамыту және командалық бірлікті нығайту.

Байқау екі кезеңнен тұрды: іріктеу және финал. Қатысушылар үш бағыт – вокал, би және музыкалық аспапта ойнау бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Байқау барысында жастар өз таланттарын танытып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа достар тапты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Шыңғыс Мұқашевтың айтуынша, шара жастардың өнерге деген ынтасын арттыруға және шығармашылыққа шабыт беруге бағытталған.

«Алматы облысының әр өңірінен келген 11 команда өзара бақ сынады. Әрқайсысы ерекше дайындықпен келіп, сахнада шынайы талантын көрсетті», – деді ол.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды:

  • І орын – Қарасай ауданы (350 000 теңге);

  • ІІ орын – Қонаев қаласының «Өнер» мектебі (250 000 теңге);

  • ІІІ орын – Балқаш ауданы (150 000 теңге).

Кештің көркін эстрада жұлдыздары мен арнайы шақырылған музыкалық топ қыздырып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«JAS STARS» өнер байқауы жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған дәстүрлі жобаға айналмақ.