Алматы облысында азық-түлік бағалары бақылауда тұр

Алматы облысында азық-түлік бағалары бақылауда тұр

Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда. Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі 100% құрап, республикалық көрсеткішке сәйкес келді.

Облыста сәбіз (–3,2%), пияз (–1,7%), сиыр еті (–1%) және күнбағыс майы (–0,1%) арзандады. Ал картоп (+5,4%), қарақұмық (+1,5%) және сары май (+0,9%) бойынша аздаған қымбаттау байқалды.

Баға тұрақтылығын сақтау және бақылау жұмыстарын облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың төрағалығымен құрылған ведомствоаралық комиссия жүзеге асыруда. Комиссия құрамына кәсіпкерлік басқармасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, монополияға қарсы орган және «Атамекен» өңірлік палатасы секілді 14 мемлекеттік орган кіреді.

– Біз күн сайын мониторинг жүргізіп, белгіленген шектен тыс баға өсуіне жол бермейміз. Биылдың өзінде заң талаптарын бұзған 27 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы.

Тексерулер электронды форматта жүргізілуде. Сауда орындарының тізімдері Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, электронды шот-фактуралар арқылы жеткізу тізбегі бақыланады. Бұл тәсіл негізсіз үстемеақыларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Нақты саудамен айналыспайтын компанияларға қатысты материалдар Экономикалық тергеулер департаментіне жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша 27 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 98 мың теңге айыппұл салынды.

– Біздің мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Біз бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, азық-түлік бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш саламыз, – деп атап өтті Қуаныш Бақытұлы.