Алматы облысының картоп өндірушілері халықаралық корпорация PepsiCo-мен ынтымақтастық орнатуда

Алматы облысының картоп өндірушілері халықаралық корпорация PepsiCo-мен ынтымақтастық орнатуда

Алматы облысының картоп өндірушілері халықаралық байланыстарды нығайтып, әлемдік деңгейдегі ірі компаниялармен әріптестік орнатуда. Соның бірі – Райымбек ауданындағы «Алтын дән 1» өндірістік кооперативі америкалық PepsiCo трансұлттық корпорациясына өз өнімін жеткізуді бастады.

Биыл ауданның шаруалары 2300 гектар алқапқа картоп егіп, әр гектардан 200–250 центнер өнім алды. Мұндай жоғары көрсеткіштерге интенсивті технологияларды енгізу және заманауи суару жүйелерін пайдалану арқылы қол жеткізілді.

PepsiCo компаниясымен жасалған келісім жергілікті агробизнестің дамуына үлкен серпін берді. Америкалық тарап кооперативке элиталық картоп тұқымдарын беріп, инновациялық суару технологияларын игеруге көмектесті. Бұл жұмыстар 150 гектар алқапта жүзеге асырылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев халықаралық корпорациялармен әріптестік өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:

«PepsiCo зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, алдағы жылдың бірінші тоқсанында оны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарына қарамастан, картоп өсірушілермен жұмыс тек біздің өңірде ғана емес, Павлодар және Ақмола облыстарында да жүргізілуде. Райымбек ауданында жинақталған тәжірибе өзге шаруашылықтарға да таратылатын болады. Ең бастысы – өнімге кепілді өткізу бар, себебі барлық шикізат компанияның көкөніс қоймаларында сақталады».

Өндірістік кооператив төрағасы Дулат Құлмамыровтың айтуынша, ауыл шаруашылығын жаңғырту ісінде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор:

«Мемлекет жаңбырлатып суару жүйелерін орнатуға жұмсалған қаражаттың 80 пайызын субсидия түрінде өтеп берді. Бұл шамамен 100 миллион теңгені құрады. Біз үшін бұл – үлкен көмек».

Облыс әкімі сонымен қатар келер жылы Райымбек ауданында жергілікті тұқым шаруашылығын құру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл бастама азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, отандық картоп сапасын арттыруға мүмкіндік береді:

«Райымбек ауданы картоп өсіру үшін қолайлы климатқа, жинақталған тәжірибеге және дайын өткізу нарығына ие. PepsiCo компаниясымен әріптестік осы саланың дамуына жаңа серпін береді».

Саланы әрі қарай дамыту және өнім сақтау көлемін ұлғайту мақсатында жергілікті шаруалар 10 мың тоннаға арналған заманауи көкөніс сақтау қоймасын салу қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі бұл мәселе жуық арада шешілетінін айтты.

PepsiCo компаниясымен орнаған ынтымақтастық өңір аграрийлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын арттыра отырып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға берік негіз қалайды.