Алматы облысында халықаралық «Ғылым. Инновация. Болашақ. STEAM AI» форумы өтті

Алматы облысында халықаралық «Ғылым. Инновация. Болашақ. STEAM AI» форумы өтті

Алматы облысында білім беру жүйесін инновациялық және технологиялық бағытта дамыту мақсатында «Ғылым. Инновация. Болашақ. STEAM AI» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті.
Ауқымды шара Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы №27 «Келешек» мектебінде ұйымдастырылып, еліміздің және шетелдің жетекші педагогтері мен ғалымдарын, инновациялық білім беру саласының мамандарын біріктірді.

Форум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған міндеттер мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау бастамасы аясында өтті.

Форумның ашылуында Алматы облысы білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі инновациялық тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Бүгінде әлемде жасанды интеллект саласында жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан мұндай құзыреттілікті ерте жастан қалыптастыру аса маңызды. Бұл форум ұстаздардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және білім сапасын арттыруға бағытталған», – деді Арайлым Төлеубекова.

Форум барысында қатысушылар заманауи технологиялар, робототехника, экологиялық жобалар және дрондар жарысы сияқты бағыттар бойынша ұйымдастырылған тәжірибелік алаңдар мен шеберлік сабақтарында өз жобаларын таныстырды.
Тәжірибелік бағыттар қатарында:

  • «Археология: Тамыры тереңнің – бұтағы биік»

  • «Мамандықтар алаңы: Болашаққа дұрыс таңдау»

  • «Eco ART шеберханасы»

  • «SmartTech: Робототехника және Arduino»

  • «Dragon Air Race: Дрондар жарысы» және басқа да бағыттар болды.

Форум қатысушылары шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның тәжірибелік маңызын ерекше атап өтті. Педагогтер Үміт Мұқан, Айнұр Жабаева және мектеп директоры Данияр Тайжанұлының айтуынша, форум тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң болып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға және білім сапасын арттыруға зор үлес қосты.

Форум қорытындысында қатысушылар STEAM және жасанды интеллект бағытында білім берудің әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім беру жүйесін инновациялық бағытқа көшіру – ел дамуының негізгі шарттарының бірі. Мұндай шаралар білім сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға айтарлықтай әсер етеді.