Алматы облысында ауыл шаруашылығын қаржыландыру және субсидиялау мәселелері талқыланды

Алматы облысында ауыл шаруашылығын қаржыландыру және субсидиялау мәселелері талқыланды

Бүгін облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кредиттік серіктестіктердің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр төрағалық етті.

Басқосу барысында шаруа қожалықтарының негізгі мәселелері – агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін несиелеу кезіндегі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды лизинг арқылы алу мәселелері қаралды.

Қазіргі уақытта көптеген шаруашылықтар несиелерін толық мөлшерлеме бойынша өтеп отыр. Бұл өз кезегінде өндірістік шығындардың артуына және шаруаларға қаржылық ауыртпалықтың түсуіне алып келуде.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр атап өтті: «Қазіргі таңда аталған бағыттағы бағдарлама бойынша бюджеттік қаражат тапшылығы байқалады. Осыған байланысты субсидия төлемдері уақытша шектеліп отыр. Дегенмен, мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Шаруаларға қаржылық институттардың орталық аппараттарына — “Аграрлық несие корпорациясы” және “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамдарына тікелей жүгініп, қолдау алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады».

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастыратын болады.