
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінде күзгі шақырылым науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан әскери бөлімдер мен құрамаларға 1500-ден астам жас сарбаз келіп қосылды.
Қызметтің алғашқы күндерінен бастап жаңадан шақырылған сарбаздардың бейімделуіне бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Жас жауынгерлер ротасының оқу-жаттығу жиындары барысында олар әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене дайындығы бойынша білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін оқып үйренуде.
61993 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Даурен Төленбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – жас сарбаздардың әскери ортаға жылдам бейімделуіне жәрдемдесу, әскердің дәстүрлерімен таныстыру және оларды Әскери ант қабылдауға дайындау. Оқыту үдерісі кешенді түрде жүргізіліп, оған дене, психологиялық және әскери-патриоттық дайындық бағыттары енгізілген.
Бейімделу кезеңінде әскери психологтар маңызды рөл атқарады. Жас сарбаздармен диагностикалық тестілер, топтық жаттығулар және жеке кеңес беру іс-шаралары өткізіледі. Бұл жұмыстар жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға және бөлімдерде қолайлы ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.
Жаттығу бағдарламасында жауынгерлік және атыс дайындығына ерекше назар аударылған. Оқу полигондарында сарбаздар Калашников автоматыннан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимылдарды пысықтап, бронетехникамен өзара іс-қимылдан өтті.
– Алғашқы атыс кезінде сәл толқыдым, бірақ кейін сенімділік пайда болып, нысанаға дәл тигізе бастадым. Бұл ретте спорттық дайындықтың көмегі зор, – деді астаналық қатардағы жауынгер, Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship 2024 әлем чемпионатының жеңімпазы Татымбек Нөгербек. – Бронетехникамен жұмыс жасау – күш пен сенімділікті сезіндіретін ерекше тәжірибе.
Бейімделу кезеңі аяқталған соң жас десантшыларды парашютпен секіру, дала жаттығулары және жауынгерлік дайындықтың жаңа кезеңдері күтіп тұр. Осылайша, олар біртіндеп ел қорғанысын қамтамасыз етуге дайын, ұйымшыл әрі кәсіби әскери ұжымның толыққанды мүшесіне айналуда.