
Білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Алматы облысында 2025 жылы 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жобаға жергілікті бюджеттен 21,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
2025 жылы Алматы облысында 20 мектепке, оның ішінде 19 білім ордасына реновация және Балқаш ауданындағы Миялы ауылындағы Қарағаш мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 21,458 млрд теңге қарастырылған.
Жөндеу жұмыстарының 11-і облыстық құрылыс басқармасы, ал 9-ы білім басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.
Білім басқармасы жүзеге асырып жатқан 9 мектептің 6-ы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында қамтылған, ал қалған 3 жоба — 2024 жылдан өтпелі нысандар. Бұл бағытқа жалпы 8 млрд 958 млн теңге бөлінген, алайда қаражат толық көлемде игерілмеген. Қосымша қаржы қажеттілігі 2 млрд 229,6 млн теңгені құрайды.
2024 жылдан өтпелі 6 мектептің екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда аяқталды. Олар: Еңбекшіқазақ ауданындағы Қ.Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп, Қарасай ауданы, Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп.
Ал қалған төрт нысанды (Еңбекшіқазақ ауданындағы Абылайхан және Қ.Сәтпаев атындағы мектептер, Талғар ауданындағы Нұра ауылындағы №12 және Белбұлақ ауылындағы №10 мектептер) 30 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар үш мектептің — Балқаш ауданындағы М.Сеңгірбаев атындағы, Жамбыл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы, және Талғар ауданы Қызылту ауылындағы №24 орта мектептердің — күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болып белгіленді.
Бұл жұмыстар өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы оқу жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.