Жоба аясында «Көшпенділер қаласы» кешенін қайта жаңарту, Таңбалы Тас археологиялық ескерткішіне қарай жаяу жүргіншілер үшін көпір салу және заманауи туристік инфрақұрылымы бар демалыс аймағын абаттандыру көзделген. Аталған аумақта глэмпинг аймақтары, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары салынбақ.
«Көшпенділер қаласы» кешені бүгінде туристер мен шығармашылық ұжымдар арасында үлкен танымалдыққа ие. Биыл мұнда «Жібек жолы» телеарнасының бірнеше фильмдері мен тележобаларының түсірілімі өтті.
Аумаққа жұмыс сапарымен келген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:
«Бұрын бұл нысан тек декорациялық алаң ретінде пайдаланылып, уақыт өте келе бастапқы келбетін жоғалта бастаған еді. Туристердің қызығушылығы артқан сайын біз оны жаңа форматта жаңғыртуды — заманауи инфрақұрылымы бар толыққанды туристік орынға айналдыруды жөн көрдік. Қазіргі таңда “Көшпенділер қаласына” ай сайын шамамен 500 адам, ал Танбалы Тасқа жыл сайын 4 мыңға жуық турист келеді. Мұндай бастамалар ішкі туризмнің дамуына тың серпін береді. Біз табиғаттың сұлулығы, тарихи мұра және заманауи жайлылық тоғысқан бірегей кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Бұл жоба бизнестің дамуына және өңір экономикасының өсуіне үлес қосатынына сенімдімін», — деді өз сөзінде.
Қазіргі уақытта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары басталды: «Көшпенділер қаласына» дейін ұзындығы 7 шақырым болатын жаңа жол салынып жатыр. Жоба аясында жол бойын жарықтандыру және автотұрақ салу қарастырылған. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы облысындағы ұлттық парктерге 700 мыңнан астам турист келген. Ал жыл басынан бергі алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірге келген туристер легі 30%-ға өсіп, оның ішінде ішкі туризм 1 миллион адамнан асты.