Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Бүгін Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Nomad International School» мектебінде және Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылында ағаш отырғызу мен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты — өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және жастарды табиғатты қорғауға баулу.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы қос шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Акция барысында аудан бойынша 130 түп терек және 60 түп бельгиялық шырша ағашы отырғызылды. Сонымен қатар, көшелер мен қоғамдық орындарда кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, экологиялық шараларға 400-ден астам адам қатысып, ауданның көркейіп, экологиялық ахуалының жақсаруына өз үлесін қосты. Ауылдарымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы дәл осындай бірлескен еңбектен көрініс табады.