
Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Талғар және Іле аудандарындағы бірқатар мектептерді аралап, күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімінен кешіктірілуі мен ата-аналар мен педагогтар тарапынан жұмыстардың сапасына байланысты айтылған сын-ескертпелерді назарға алды. Инспекция кезінде Іле және Талғар аудандарының әкімдері Қайыржан Жақсыметов пен Танат Айдарбеков, сондай-ақ қоғам өкілдері мен прокуратура қызметкерлері де қатысты.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары тек сыныптарды мен дәліздерді ғана емес, техникалық бөлмелерді, жертөле мен шатырды, инженерлік желілерді де мұқият қарап шықты. Мақсат – барлық мәселелердің «сыртқы жылтырдың» астында қалып қоймауын қамтамасыз ету.
Алғашқы нысан ретінде Іле ауданындағы №20 орта мектеп тексерілді. 2013 жылы салынған бұл білім ошағы жуырда күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған болатын. Алайда жылыту жүйесі қосылған соң бірқатар техникалық кемшіліктер анықталды. Жертөледе кәріз құбырлары ағып тұр, кейбірі толық ауыстыруды қажет етеді. Газ құбырларында коррозия іздері байқалған, ал мектеп ауласындағы кәріз құдығының қақпағы дұрыс бекітілмеген. Бұл жағдай Ғани Майлыбаевтың ерекше назарын аударды, себебі мұндай немқұрайдылық қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін.
Мектепті аралап көрген соң ол жобаларды жүзеге асыру кезінде сейсмотұрақтылық пен оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін айтты.
– «Негізгі жұмыстар атқарылған, бірақ нысанды мінсіз күйге келтіруді қысқа мерзімде аяқтау қажет. Қажет болған жағдайда облыс әкімдігі тарапынан кеңес беру, заңдық немесе ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі. Қаржы аудан әкімдігі арқылы дер кезінде және толық көлемде бөлінді, енді нәтиже көруіміз керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ол жауапты қызметтерге барлық ескертулер бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және жұмысты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, жұмыстың формалды емес, сапалы орындалуы қажет екенін атап өтті.
– «Жұмыс қарқынын арттыру үшін қосымша ресурстар мен жұмыс күшін жұмылдыру қажет. Келесі тоқсанның басына дейін мектеп сабақ өткізуге толық дайын болуы тиіс», – деді Ғани Майлыбаев.
Кейін облыс әкімінің орынбасары Талғар ауданының Нұра ауылындағы №12 орта мектепке барды. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылдың жазында басталып, 2024 жылдың мамырында аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер компания – Sheberbuild өз міндеттемелерін орындамағандықтан, мерзімдер бұзылған. 2024 жылдың мамыр айында сот компанияны адал емес деп танып, келісімшартты бұзған. Нысанның тоқтап қалмауы үшін 2025 жылдың маусымында жаңа келісім жасалды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс дайындығы шамамен 80 пайызды құрайды, барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.
Ғани Майлыбаев мердігер ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылдың нақты болуын талап етті. Оның айтуынша, білім нысандарындағы мәселелер көбіне қаржының жетіспеушілігінен емес, бақылаудың әлсіздігі мен тараптар арасындағы үйлестірудің болмауынан туындайды. Білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне мердігерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, мәселелерді ертерек кезеңде шешу тапсырылды.
Ерекше назар №10 Белбұлақ орта мектебіне аударылды. Мұнда да күрделі жөндеу мерзімі бұзылған. Жұмыстар 2024 жылдың наурызында аяқталуы тиіс болатын, алайда Sheberbuild компаниясы тағы да кестеден кешікті. Сот компанияны кінәлі деп танып, 16,6 млн теңге айыппұл салған. Кейін білім бөлімі келісімді бұзу және қосымша айыппұлдарды өндіріп алу туралы қайта шағымданған. Сот мердігерге биылғы жылдың 30 қазанына дейін жөндеуді аяқтауды міндеттеді. Алайда Ғани Майлыбаев бастаған комиссия барған кезде нысанның жағдайы сын көтермейтіні анықталды: кіреберіс есіктер орнатылмаған, терезе әйнектері жетіспейді, жылыту жүйесі қосылмаған, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары тоқтап қалған. Нысандағы жұмыс іс жүзінде тұралап қалған: мердігердің қаржысы таусылған, жұмысшылар жалақысын алмай отыр.
– «Егер мердігердің қиындықтары болса, ол сот шешімін күтпей-ақ хабарласып, көмек сұрауы керек», – деді облыс әкімінің орынбасары. – «Мемлекет шын мәнінде көмек қажет жерлерде қолдау көрсетуге дайын. Бірақ орындаушылардың жауапкершілігі мен нәтижеге тұрақты бақылау болмаса, ешбір іс соңына дейін жетпейді. Бүгінгі мақсат – мектептің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырған мәселелерді сапалы әрі түбегейлі шешу».
Сапар қорытындысы бойынша Ғани Майлыбаев жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берді. Ол атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті фото және бейсеңбілік есептерді ұсынуды, инженерлік желілерге ревизия жүргізуді және жылыту жүйесінің жұмысын бақылауды міндеттеді.
– «Мектептердің уақытында пайдалануға берілуі облыс әкімі тарапынан жеке бақылауда тұр», – деп атап өтті Ғани Майлыбаев.