24 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында ірі агроөнеркәсіптік жоба іске асырылмақ

24 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында ірі агроөнеркәсіптік жоба іске асырылмақ

Бүгін Астанада «KAZAKHSTAN GLOBAL INVESTMENT ROUNDTABLE 2025» атты жыл сайынғы халықаралық форум аясында Алматы облысының әкімдігі мен «Харвест Агро Холдинг» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске қосуды көздейді.
Жоба аясында суармалы егіншілікті дамыту мақсатында тәлімі жерлерді қайта жаңғыртып, оларды суармалы алқаптарға айналдыру жоспарланған.

Бұл шара жердің өнімділігін бірнеше есеге арттырып, жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде жыл сайын 50 мың тонна жүгері мен 15 мың тонна соя өндіретін егістік алқаптарын құру көзделген.
Жобаны іске асыру нәтижесінде топырақ құнарлылығы 4–6 есеге дейін артып, су үнемдеу технологиялары енгізіледі, сондай-ақ 60 тұрақты және маусымдық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастама соя бұршақтары бойынша импортқа тәуелділікті азайтып, мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайтуға және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге елеулі үлес қосады.

Мұндай бастамаларды жүзеге асыру Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру және өңдеу салаларын дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын айқындайды. Өңір басшылығы ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, инновациялық технологияларды өндіріске енгізуге және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға белсенді түрде жұмыс істеуде.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – біздің облысымыздың басты басымдықтарының бірі. Біз тек инвестиция әкелетін емес, жер мен су ресурстарын тиімді пайдаланудың жаңа тәсілдерін енгізетін жобаларды қолдаймыз. Тәлімі жерлерді суармалы алқаптарға айналдыру өңір ауыл шаруашылығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экономикамыздың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.