
Алматы облысының Балқаш ауданында Іле өзенінің сағасында орналасқан Шағырай көлдер жүйесіне ауқымды көлемде балық жіберу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара 2025 жылғы 30 қазанда Алматы облысы балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспары аясында жүзеге асырылды.
Акцияның бастамашысы – «Табиғат» ЖШС, шара Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Балқаш-Алакөл аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік басқармасының қатысуымен өтті.
Іс-шараның мақсаты – балық ресурстарын қалпына келтіру және көбейту, су айдындарының балық өнімділігін арттыру және өңірдегі балық шаруашылығын дамыту.
Бірінші кезең аясында су айдындарына 100 мың дана ақ амур мен сазан шабақтары жіберілді.
«Табиғат» ЖШС өкілдерінің айтуынша, балық жіберу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады, және қараша айының соңына дейін жалпы жіберілетін шабақтардың саны 1 миллион данаға жетеді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, балық шаруашылығы мамандары және жұртшылық өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай табиғатты қорғау бастамалары экожүйені және биологиялық алуантүрлілікті қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізіп, балық шаруашылығының тұрақты дамуына және жергілікті халықтың салаға тартылуына мүмкіндік береді.