
2025–2026 оқу жылында елімізде «Балаларды ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» атты пилоттық жоба бастау алады. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе балалардың ұқыптылық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін ерте қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде енгізілмек.
Жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды. Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленуде. Кішкентай тәрбиеленушілер күнделікті ойын және тәжірибелік сабақтар арқылы түрлі мамандықтармен танысып, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді.
Алматы облысы бойынша бұл пилоттық жобаға 5 балабақша қатысады.
Олардың қатарында:
* Еңбекшіқазақ ауданындағы «Келешек» балабақшасы (мемлекеттік),
* Қонаев қаласындағы «Ақдидар» балабақшасы (мемлекеттік),
* Іле ауданындағы «Әдемі» балабақшасы (мемлекеттік),
* Талғар ауданындағы «Еркем-Ай Алматы» (жекеменшік) және «Жақсылық» (жекеменшік) балабақшалары бар.
Жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі — еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйрету.
Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады.