
Алматы облысының әкімдігінде Оңтүстік Кореяның Санджу қаласынан келген делегациямен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық құрамын жаңарту мәселелерін талқылады.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өз сөзінде өңірдің аграрлық әлеуеті зор екенін және ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, заманауи технологияларды енгізуге берік негіз бола алатынын атап өтті. Бүгінде облыста көпсалалы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді: бидай, арпа, күріш, қарабидай және сұлы сияқты астық дақылдарының 10-нан астам түрі, сондай-ақ күнбағыс, соя және сафлор сияқты үш майлы дақыл өсіріледі. Бұдан бөлек, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және жеміс-жидек өндірісіне де басымдық берілген. Биылғы жылы егістік алқабы 400 мың гектардан асты. Болжауға сәйкес, көкөніс пен жеміс-жидектің жалпы өнімі 35 мың тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 75 пайызға артық болады деп күтілуде.
Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта жалпы аумағы шамамен 80 гектарды құрайтын 50-ге жуық кешен жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі өнеркәсіптік жылыжайлар да, шағын фермерлік парниктер де бар. Өткен жылы жылыжайлар шамамен 20 мың тонна өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаруашылықтар өз өнімдерін облыс пен Алматы қаласының нарықтарына шығарып, шетелдік серіктестердің заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алуда.
Мемлекеттік қолдау да аграрлық саланың дамуына маңызды үлес қосуда. Шаруалар мен ірі қожалықтар тыңайтқыштар құнының 60 пайызына дейін, тұқым шаруашылығында 70 пайызына дейін субсидия алады. Сондай-ақ жабық топырақтағы басым дақылдар — қызанақ пен қиярдың элиталық тұқымдары мен бірінші буынды будандарының құнының 20 пайызына дейін өтеледі. Ал жылыжай салу мен кеңейтуге кеткен шығындардың 25 пайызына дейін өтемақы қарастырылған. 2025 жылы осы мақсаттарға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жобаларды кеңейту мен жаңа технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасалып отыр.
Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды пайдалану және өнімділікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Корей тарапы күрделі климаттық жағдайларда тиімділігін дәлелдеген тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірдің аграрлық сектор мен жылыжай өндірісін одан әрі дамытуға барлық алғышарттар бар екенін атап өтіп, корейлік серіктестермен ынтымақтастық халықаралық нарыққа шығуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.