Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үлгілі 20 отбасы қызыл кілеммен жүріп өтіп, құрмет төрінен орын алды.
Жеңімпаздарды ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев салтанатты түрде марапаттады.
Олардың қатарында Алматы облысының атынан қатысқан Қарасай ауданы, Қаскелең қаласының тұрғындары — Бекдайырлар әулеті де бар. Бұл өнегелі жанұя республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғады.
Қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келе жатқан бұл отбасы – өнердің, еңбектің және берекенің жарқын үлгісі.
Әулет басшысы Қоңыр Бекдайыр күміс әшекей жасау ісімен танылса, жұбайы Анаргүл ұлттық киім тігу өнерінде шеберлігімен ерекшеленеді.
Балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.
Бұл жеңіс – ұлттық мұраға құрметпен қарап, дәстүрді дәріптеген барша жанның ортақ қуанышы!
Жерлестеріміз – Бекдайырлар әулетін шын жүректен құттықтаймыз!