Алматы облысында мал көму орындары жаңартылып жатыр

Алматы облысында мал көму орындары жаңартылып жатыр

Алматы облысында ветеринариялық қауіпсіздік пен экологиялық бақылауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта өңірде 83 мал көму орны бар. Оның 66-сы – ветеринария бөлімшелерінің, ал 17-сі – аудан әкімдіктерінің қарамағында.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 2025 жылы 37 нысанға экологиялық қорытынды берілген. Қалған 46 нысанның құжаттары 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін рәсімделеді.

2024 жылдан бері облыста 19 жаңа мал көму орны салынды. Бұған қоса, 26 нысанның жобалық және сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жобалар 2026–2028 жылдары іске асырылады.

«Бұл – өңірдегі мал арасында аурудың таралуына жол бермеу және ветеринариялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс. Барлық мал өлекселері алдымен ветеринариялық тексеруден өтеді, маманның рұқсатынан кейін ғана көміледі», – деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы.

Айта кетсек, облыстағы мал көму орындарының көбі 2005–2013 жылдары салынған. Қазір бұл нысандар жаңа экологиялық талаптарға сай жаңартылып жатыр.