Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Алматы облысында еңбек адамдары мен жас мамандарға арналған «ENBEK FEST» республикалық жастар слеті өтті.
Ауқымды шараға еліміздің 7 өңірінен келген жұмысшы жастар қатысты. Слеттің басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттыру, жас мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік беру және өндіріс саласындағы жаңа идеялар мен тәжірибелерді ортаға салу.
Форум аясында «Jas Talks» панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Онда арнайы шақырылған спикерлер — «Даулет Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Даулетов, «Шин Лайн» қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Горяной және «Alatau Hub» жетекшісі Бексұлтан Нұрақын жастармен өз тәжірибелерін бөлісіп, еңбек жолындағы жетістіктері туралы айтты.
Слет қатысушылары үшін мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жастар Іле ауданындағы «Даулет Бекет» ЖШС түйе шаруашылығына және «Шин Лайн» ЖШС кәсіпорнына барып, өндіріс процесімен танысты. Сонымен қатар, Кеген ауданына қарасты «Қара» шатқалы мен әйгілі «Көлсай» көлдеріне экскурсия ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында көшбасшылық қабілетті арттыруға бағытталған дәрістер, зияткерлік ойындар мен мәдени бағдарламалар өткізіледі. Ал 22 қазан күні Кеген ауданындағы «Қара» шатқалында өтетін салтанатты жабылу рәсімінде белсенділік танытқан жұмысшы жастар марапатталады.
«Бүгін өтіп жатқан республикалық жастар слеті – еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, жас мамандарды қолдауға бағытталған маңызды алаң деп есептеймін. Мұндай кездесулер арқылы жастар өндіріс саласындағы нақты мүмкіндіктермен танысып, өз бағыттарын анықтай алады. “ENBEK FEST” – өз ісін сүйетін жастардың тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен серіктестіктердің қалыптасуына мүмкіндік беретін тамаша бастама. Еңбек адамдарының еңбегін дәріптейтін мұндай шаралар жастарға үлкен мотивация береді», – деді «Фирма БЕНТ» ЖШС көпірлі кран машинисті Дильфуза Бақытжанова.
Слеттің ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, жастардың ел дамуына қосар үлесін атап өтті:
«Барлықтарыңызды осы форумда көргеніме қуаныштымын, құрметті қатысушылар! Тарих пен табиғат тоғысқан қасиетті өңір – Алматы облысына қош келдіңіздер. Бұл слет – кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды алаң. Құрметті жастар, сіздер еліміздің тірегі, экономикамыздың қозғаушы күші, ел ертеңінің иесісіздер. Қазақстанның жаңа дәуірі сіздердің қолдарыңызбен қалыптасады».
«ENBEK FEST» республикалық жастар слеті – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жас мамандарды қолдауға бағытталған жыл сайынғы дәстүрлі шаралардың бірі ретінде еңбек мәдениетін дәріптеуге серпін берді.