Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы лауазымына Салтанат Дауыспекқызы Беспаева тағайындалды.
Салтанат Дауыспекқызы – өңірдің білім және мәдениет саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Бұған дейін ол облыстық білім басқармасын, сондай-ақ Іле ауданының білім бөлімін басқарған.
1975 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2024 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Іскерлік әкімшелендіру» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленді.
Еңбек жолын 2000 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін аталған мектептің педагог-ұйымдастырушысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің директоры болып еңбек етті.
Әр жылдары Еңбекшіқазақ ауданының білім және мәдениет бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ Алматы облысы білім басқармасының басшысы, Іле ауданы білім бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет етті.
2025 жылдың 20 қазанынан бастап Салтанат Беспаева Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалды.