Боралдайда ауызсу және жол құрылысы жобалары қайта қаралады

Боралдайда ауызсу және жол құрылысы жобалары қайта қаралады

Іле ауданында өткен жеке қабылдау барысында Боралдай кентінің тұрғындары ауызсу жүйесін жаңғырту мен жолдарды қалпына келтіру мәселелерін көтерді.

Аталған шағымдардан кейін Алматы облысының әкімі елді мекенге арнайы барып, жобалардың іске асу барысын тексеріп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кент тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары инженерлік желілердің ұзаққа созылған құрылысы салдарынан жолдар бүлініп, жүру қиындаған.

– «Черёмушкада бәрін қазып тастады. Канализация, су дейтіндеріне бес жыл болды, әлі аяқталған жоқ», – деді тұрғын Раушан Өтепбергенова.
– «Бүкіл ауылды қазып тастады, асфальтты толық алып тастады. Қазір балшықтың ортасында жүрміз, балаларға мектепке бару өте қиын», – деп шағымданды Наталья Аношкина.

Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер мен заңбұзушылықтар анықталып, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Әкімнің тапсырмасына сәйкес, жоба барлық талаптарға сай түзетіліп, бекітілгеннен кейін ғана жұмыстар жалғасады.

– «Халыққа қолайсыздық тудырмай жұмыс істеуге болатын жерлерде жұмысты жалғастырыңыздар. Ал қалған учаскелерде жобаны түзеткенше тоқтатыңыздар. Жобаны жасаған маманды шақырып, қажет болса сотқа беріңдер, лицензиясынан айырыңдар. Мұндай жұмысқа жол берілмейді. Егер тағы да тоқтап қалса, балалар мектепке, үлкендер жұмысқа, біреулер ауруханаға жете алмай қалуы мүмкін. Ең бастысы – жолды қалпына келтіріп, тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, тұрғындардың өтінішін ескере отырып, әкім Боралдай кентінде жаңа саябақ салу жобасын әзірлеуді және оған қажетті жер телімін заң аясында қарастыруды тапсырды.

Өңір басшысының айтуынша, басты мақсат – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасына нұқсан келтірмеу.