Қарасай ауданының Шамалған ауылында орналасқан «Керуен» агрофирмасы жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеудің толық циклі жолға қойылған кәсіпорын болып табылады. Мұнда алма өсіруден бастап, дайын шырындар мен джемдерді Vitamina брендімен өндіруге дейінгі барлық кезең қамтылған.
1999 жылы құрылған компания бүгінде медициналық қызмет көрсету, коммерциялық нысандар салу, қоғамдық тамақтандыру және заңгерлік қызмет көрсету сынды түрлі бағыттарда жұмыс жүргізіп келеді. 2009 жылы компания құрамында алманың әртүрлі сорттарын өсірумен және оларды экологиялық таза, дәруменге бай өнімдерге өңдеумен айналысатын арнайы кәсіпорын ашылды.
Неміс технологиясы негізінде салынған заманауи жеміс сақтау қоймасы – 3,3 мың шаршы метр аумақты алып жатқан өндірістік кешен. Оның сыйымдылығы 2200 тонна, ал өнімнің сапалы сақталуын қамтамасыз ету үшін 11 сақтау камерасы қарастырылған, оның жетеуінде газдық ортаны реттеу жүйесі (РГС) орнатылған.
«Керуен» компаниялар тобының бас директоры Тимур Асминкиннің айтуынша, бұл технология температура мен ылғалдылық деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді, нәтижесінде бұзылған өнім көлемі айтарлықтай азаяды.
«Газдық ортаны реттеу жүйесі бактериялар мен саңырауқұлақтардың дамуын тежейді. Дұрыс концентрацияны сақтау арқылы өнімнің шығынын үш есеге дейін азайтуға болады. Сондай-ақ жемістің табиғи тығыздығы мен дәмі сақталады, сақтау мерзімі 9–12 айға дейін ұзарады», – деді Тимур Асминкин.
Кәсіпорында заманауи технологиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Олардың қатарында Нидерландыда өндірілген сұрыптау желісі (өнімділігі сағатына 2000 кг) және Австрияның Kreuzmayr компаниясының өндірістік желісі бар. Зауыт жылына 900 мың литрге дейін тікелей сығылған шырындар, сондай-ақ 500 тоннаға дейін повидло мен джем өндіреді.
Компания өз өндірісін толық қамтамасыз ету мақсатында 69 гектар алқапқа алма бағы отырғызған. Мұнда 100 мыңнан астам жеміс беретін ағаш өседі. Суландыру жүйесі тамшылатып суару әдісімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар қызметкерлер үшін тұрғын үйлер мен техникаға арналған шаруашылық нысандар салынған.
Осылайша, «Керуен» агрофирмасы шикізат базасын қамтамасыз етуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклді іске асырып, сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіруді жолға қойған.