Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Іле аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар бағдарламасы халықаралық спорттық шараға қатысуды және өңірлік даму бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық нысандардың барысымен танысуды қамтыды.
Алғашқы нысан – Талғар ауданындағы №2 «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Мұнда грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Жарыс 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері – қазақстандық Нұрбақыт Теңізбаев пен қырғызстандық Қанатбек Бегалиевтің құрметіне ұйымдастырылды. Спортшылардың шараға тікелей қатысуы турнирдің мәртебесін айрықша арттырды.
Сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының ежелден бергі достығы мен рухани жақындығын атап өтті. Ол бұл турнирдің спорттық дода ғана емес, қос ел арасындағы бауырластық пен ынтымақтың белгісі екенін айтты. Әкім жас балуандарға табандылық, сенім және жаңа жеңістер тіледі. Сондай-ақ осындай жарыстар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жасөспірімдер спортының дамуына серпін беретінін ерекше атап өтті.
Жұмыс сапарының келесі бағыты – Іле ауданы. Мұнда өңір басшысы көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Боралдай кентінде әкім ұзындығы 19 шақырымды құрайтын «Алматы – Аксай – Шамалған – Боралдай – Шелекемір» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жобаны «ASMAR STROY» ЖШС жүзеге асыруда. Құны 1,5 млрд теңге болатын нысанның қазіргі таңда 1 млрд теңгесі игерілген. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары мен аялдамалар жаңартылуда. Марат Сұлтанғазиев мердігерге жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, нысанды 2025 жылдың 10 қарашасына дейін толық аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, бұл жолдың аудан тұрғындарының қозғалысы мен тұрмыс сапасы үшін маңыздылығын атап өтті.
Келесі нысан – Боралдай кентіндегі су жүйесін қайта жаңарту жобасы. Бұл жоба «Астанаинжюмстрой» ЖШС тарапынан іске асырылып жатыр. Құны 2,4 млрд теңге болатын жобада ұзындығы 39 шақырымнан астам жаңа су құбыры желілері төселіп, үш сорғы станциясы мен әрқайсысы 1000 текше метрлік екі су резервуары салынуда. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың қарашасына жоспарланған.
Нысанды аралау барысында тұрғындар су жүйесін орнату кезінде бүлінген жол жабынын қалпына келтіру сапасына қатысты өз өтініштерін жеткізді. Әкімнің тапсырмасымен асфальт төсеу көлемі үш еседен астам ұлғайтылып, бастапқы 6 мың шаршы метрдің орнына 20 мың шаршы метрге дейін жеткізілді.
Марат Сұлтанғазиев нысандарды аралау кезінде «Астанаинжюмстрой» ЖШС басшысы Әбдіқасым Жақыпбековпен, құрылыс учаскесінің бастығы Рүстем Разбаевпен және «ASMAR STROY» ЖШС директоры Мамед Насимовпен кездесті. Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң сақтау қажеттігін баса айтты. Бұл жобалардың әлеуметтік маңызы жоғары екенін және олардың өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында Марат Сұлтанғазиев аудандық және салалық басқармаларға жобаларды іске асыру барысын тұрақты бақылауда ұстап, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруді тапсырды.