Іле ауданының тұрғындары Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен өткен есептік кездесуде өңірдің өзекті мәселелерін көтерді. Іс шара 17 қазанда Өтеген батыр ауылындағы Мәдениет үйінде өтті.
Алматы облысы тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, еліміздегі көшбасшы аймақтардың қатарына енді. Соңғы үш жылда өңірдің жалпы ішкі өнімі екі есеге жуық өсіп, 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге жетті. Нәтижесінде облыс республика бойынша үздік бестікке кіріп отыр.
«Біз еліміз бойынша жалпы ішкі өнімге қосқан үлес жағынан 10-орыннан 5-орынға көтерілдік. Өңір экономикасы 10 пайыздан астам өсім көрсетіп отыр. Құрылыс саласында рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 900 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Инвестициялар көлемі 16 пайызға артса, өнеркәсіп өндірісі шамамен 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту жөніндегі стратегиясының нақты нәтижесін айқындайтын көрсеткіш», — деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Кездесуге ауданның түрлі саласында еңбек ететін азаматтар — кәсіпкерлер, фермерлер, педагогтар, депутаттар, мәдениет және кітапхана қызметкерлері, сондай-ақ белсенді тұрғындар қатысты. Әкім мен тұрғындар арасындағы диалог мазмұнды әрі конструктивті өтті.
Кездесу барысында 40-тан астам сұрақ қойылды. Оның ішінде:
•20%–ы жолдар мен көше жарығына қатысты;
•18%–ы білім саласы, үш ауысымды мектептер мен оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі туралы;
•15%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы;
•10%-ы денсаулық сақтау және санитарлық қауіпсіздік;
•қалған 37%-ы абаттандыру, қоғамдық көлік және экология мәселелерін қамтыды.
Жергілікті халық нақты ұсыныстарын да жеткізді. Атап айтқанда, «Сокол» саяжай алабында мектеп салу, Өтеген батыр ауылында музыкалық мектеп ашу, Боралдай кентінде жаңа Мәдениет үйін тұрғызу және бірқатар ауылдық округтерде дәрігерлік амбулатория ашу ұсынылды.
Сондай-ақ, Қараой ауылдық округінің тұрғындары сібір жарасы ошағы анықталған жағдай бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шаралары жайында түсіндіру жұмыстарын сұрады.
Марат Сұлтанғазиев әрбір көтерілген мәселеге жеке тоқталып, толыққанды жауап берді.
«Кездесу қорытындысы бойынша нақты мерзімі мен жауапты тұлғалары көрсетілген іс-шаралар жоспары әзірленеді. Тұрғындардың барлық өтініштері аудан мен облыс әкімдіктерінің басым бағытына енгізіледі», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол мұндай кездесулердің барлық аудандарда өтіп жатқанын атап өтті.
«Мұндай кездесулер халықтың өтініш-тілектеріне жедел жауап беруге, олардың пікірін тікелей естуге және өңірді дамыту жоспарларын нақтылауға мүмкіндік береді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Кездесуден кейін өткен жеке қабылдауда 12 тұрғынның өтініші тыңдалды. Барлығы 24 әлеуметтік, инфрақұрылымдық және коммуналдық сипаттағы мәселе қаралды.