Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

Алматы облысында Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға орман саласының ардагерлері мен еңбеккерлері, сондай-ақ облыстық және аудандық мекемелердің өкілдері қатысты.

Мереке барысында табиғатты қорғау ісіне елеулі үлес қосқан қызметкерлерге Министрлік пен облыс әкімінің атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, сондай-ақ «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері табыс етілді.

Жиын аясында Кеген орман шаруашылығының жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне арналған кеңсе болмақ.

Іс-шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, орман саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Ол орман шаруашылығының ел экологиясы үшін маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын орындауда өңірдің белсенді жұмысын ерекше атап өтті.

Биыл орман мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыда нығайтуға 217,9 млн теңге бөлініп, патрульдік автокөліктер, тракторлар мен экскаваторлар сатып алынды. Сонымен қатар, 829 млн теңгеге өртке қарсы 26 техника алу және жоғары қауіпті аймақтарға 18 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе орман өрттерін ерте анықтауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Салтанатты шара жылы лебіздер мен мерекелік құттықтауларға ұласып, орманшылар қауымының еңбегіне құрмет көрсетілді.
Барлық сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, табиғатты аялау жолындағы еңбектеріне табыс тілейміз!