Қонаевта жастар саясатына жаңа серпін берген «JAS QADAM» форумы өтті

Қонаевта жастар саясатына жаңа серпін берген «JAS QADAM» форумы өтті

Қонаев қаласында жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар мен жастар комитеті төрағаларының аймақтық форумы өтті. “Жас қадам” деп аталған бұл форум екі күнге жалғасып, жастар саясатын дамытуға және жас буынның көшбасшылық қабілетін арттыруға бағытталды.

Басқосуға облыстың әр өңірінен жүзге жуық жас маман қатысты. Биылғы форумның басты тақырыптары — жастарды есірткіден сақтау, қауіпсіз цифрлық мәдениет қалыптастыру және көшбасшылық қасиеттерін дамыту болды.

Алтын Темірғалиева, Алматы облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: «2025 жыл — профилактика жылы болып жарияланды. Осыған орай біз жастармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, мектептерде дәрістер өткізіп жүрміз. Мақсатымыз — есірткінің зиянын түсіндіру, заң бойынша жауапкершілікті ескерту. Ең бастысы — алдын алу. Сондықтан біз жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз», — деді спикер.

Форум барысында қатысушыларға көпшілік алдында сөйлеу, өз ойын еркін жеткізу және интернеттегі қауіпсіздік тақырыптарында тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Бұл жастардың қоғамдық ортада сенімді әрекет етуіне ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Ержан Дәулетбаев, Шешендік өнер әдіскері: «Бүгінгі біздің тақырыбымыз — шешендік өнер. Қалай анық сөйлеуге болады, аудиториямен байланыс орнату, сендіру тәсілдері туралы айтамыз. Бұл жерде жиналған жастар — өз өңірінің көшбасшылары. Олар ертең команда құрып, өз аймағын алға жетелей алады. Сол үшін біз көшбасшылық пен командалық жұмыс дағдыларын дамытуға баса мән береміз», — деді ол.

Іс-шара соңында белсенді жастар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жиындар жастардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа бастамаларға шабыт береді.

Құндызай  Ерғалиқызы, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының маманы: «Форумның атмосферасы ерекше болды. Екі күн бойы семинарлар мен ойындар арқылы тәжірибе алмастық. Осындай еркін форматтағы кездесулер жастардың өзара байланысын нығайтып, жаңа идеялар тудыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз», — деді қатысушы.

Форумға қатысушылар жаңа дағдыларды меңгеріп қана қоймай, өз бойындағы көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар «Жас қадам» форумын алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.