Қонаевтан Токиоға дейін: қазақстандық хирургтар Жапонияда тағылымдамадан өтеді

Қонаевтан Токиоға дейін: қазақстандық хирургтар Жапонияда тағылымдамадан өтеді

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында Жапонияның жетекші мамандарының қатысуымен операциялық эндоскопия бойынша халықаралық мастер-класс басталды. Бұл шара — еліміздегі медицинаны дамыту мен заманауи халықаралық стандарттарды енгізудегі маңызды қадам.

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, мастер-класс тек тәжірибе алмасу емес, аймақтың медицина жүйесін дамытуға нақты үлес болып табылады.

«Қазір жапондық ғылыми орталықпен келісімге келу жұмыстарының соңғы кезеңіне жеттік. 2026 жылдан бастап облыс дәрігерлері мен эндоскопистері Жапонияда тегін оқып, тағылымдамадан өте алады. Негізгі талаптардың бірі – ағылшын тілін білу. Бұл жас мамандар үшін қосымша ынталандыру болмақ», – деді Ержан Сүлейменов.

Оның сөзінше, аймақ дәрігерлері Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталықта да кәсіби біліктілігін арттырады.

«Басты мақсат – медициналық кадрлардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету және озық технологияларды енгізу», – деп атап өтті ол.

Мастер-класқа Жапониядан келген екі жетекші хирург пен еліміздің бас эндоскописті, профессор Қанат Батырбеков қатысып жатыр. Екі күн бойы шеберлік сабақтары, клиникалық жағдайларды талдау және нақты операциялар көрсетілуде.

Қонаев қалалық ауруханасының эндоскопия орталығының меңгерушісі Тахир Шүкірәлиев жапондық эндоскопия мектебі дәлдік пен ұқыптылыққа негізделгенін айтты.

«Біз тек технологияны емес, дәрігердің ойлау жүйесін, пациентке деген қатынасты да үйреніп жатырмыз. Бұл – өңірдегі эндоскопия қызметі үшін жаңа кезең», – деді ол.

Ал профессор Қанат Батырбеков шетелдік мамандармен бірлесіп өткізілетін осындай «тірі» операциялар мен клиникалық талқылаулар медициналық көмектің сапасын арттыратынын айтты.

Мастер-класс аясында екінші күні қосымша хирургиялық демонстрациялар мен пациенттерге кеңес беру жоспарланған. Осындай деңгейдегі халықаралық іс-шараның Қонаевта өткізілуі — отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби дайындығы мен қазақстандық медицинаның ашықтығын айқын көрсетті.