Балқаш ауданында күріш орағы қызу жүріп жатыр

Балқаш ауданында күріш орағы қызу жүріп жатыр

Балқаш ауданында күріш жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биылғы маусымда 7 718 гектар жерге күріш егілген. Бұл дақылмен 34 шаруа қожалығы айналысуда. Қазіргі таңда егіс алқаптарының 78,6 пайызы орылып, өнім бастырылуда.

Аудан тұрғыны - Әбіш Бірлікбаев басқаратын шаруашылықта 1 200 гектар жерге күріш себілген. Әр гектардан орта есеппен 42 центнерден өнім алынуда.
– "Қазір 65 гектар жердің орағын толық аяқтадық. Бір гектардан 60 центнерге дейін өнім түсіп жатыр", – дейді шаруашылықтың бригадирі.

Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетовтың айтуынша, биылғы күріш орағы жоспарға сай жүргізілуде.
– "Жалпы ауданда 27,2 мың гектар суармалы жер бар. Соның 7 718 гектары – күріш алқабы. Бүгінгі таңда 6 065 гектар жер орылып, 23,7 мың тонна өнім жиналды", – деді аудан әкімі.

Көктемгі дала жұмыстарына 409 тонна дизель отыны бөлініп, ал жиын-терім кезінде шаруаларға 143 тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен берілді. Алқаптарды сумен қамтамасыз ету де тұрақты деңгейде жүргізілді: жаз бойы Қапшағай су қоймасынан Іле өзеніне секундына 750 текше метр су жіберіліп отырды.

Балқаш өңірінің диқандары енді ауа райы қолайлы болса, науқанды қысқа мерзімде аяқтап, биылғы жылды мол өніммен қорытындылауға ниетті.