Алматы облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі берген тапсырмаға сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жер қатынастары саласындағы заңдылықты сақтау – жергілікті атқарушы органдардың басты назарында.
2025 жылдың басынан бері жалпы көлемі 86,5 мың гектарды құрайтын 288 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда:
11,7 мың гектар – сот шешімімен, жалға алу шарттарын бұзу арқылы;
74,8 мың гектар – жер пайдаланушылармен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ерікті түрде қайтарылды.
Қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде. Мәселен:
28,8 мың гектар жер конкурс арқылы жаңа пайдаланушыларға берілді;
6,7 мың гектар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті:
«Әрбір гектар жердің тиімді пайдаланылуы – өңірдің дамуы үшін аса маңызды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару арқылы біз инвесторларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік аламыз», – деді Алматы облысының әкімі.
Жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс облыс әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.