Алматы облысы халықаралық туристік форумда екі беделді марапатқа ие болды.
Ақтау қаласында 26 қыркүйекте өткен «Mangystau International Tourism Forum» аясында Алматы облысы бірден екі беделді марапатқа ие болып, Қазақстанның жетекші туристік бағыттарының бірі ретіндегі жоғары мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алғашқы марапат «ASP Арена» холдингінің бас директоры Олег Воронковқа туризмді дамытуға қосқан зор үлесі үшін табысталды. Ол Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат оның көп жылғы еңбегі мен өңірдің туристік саласын ілгерілетуге қосқан белсенді еңбегінің жоғары бағалануы болды.
Сонымен қатар, демалушылардың пікірлері мен тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша, Қонаев қаласындағы №5 жағажай еліміздегі ең үздік жағажай деп танылды. Мұндай жоғары баға жағажайдың инфрақұрылым сапасы, сервистік деңгейі және аумақтың абаттандырылуының нәтижесінде берілді. Бұл орын бүгінде өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс аймағына айналып отыр.
Алынған марапаттар өңірдің туризм саласындағы табысты саясатының айғағы болды. Алматы облысы инфрақұрылымды дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Осылайша, Алматы облысы өзінің жоғары туристік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, лайықты халықаралық мойындауға ие болды.