Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, Халық қаһарманы, әйгілі композитор, күйші әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің кіндік қаны тамған ауылында демеушілердің қолдауымен еңселі стела бой көтерді. Архитектуралық тұрғыдан ерекше пішінге ие бұл ескерткіште қазақтың қасиетті домбырасы мен пәктік пен сұлулықтың символы саналатын аққу бейнеленген.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, өңір тұрғындарына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын және алғысын жеткізді. Шараға сондай-ақ ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара соңында қатысушылар стела орнатылған алаңға ағаштар отырғызды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш пен мәдениет үйі ашылған болатын. Сондай-ақ өңірдің өнерпаздары мен қолөнер шеберлері ұлы композитордың мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Пекин, Бішкек және Мәскеу қалаларында Қазақстан мәдениетін жоғары деңгейде таныстырды.
Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 100 жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Ұлы тұлғаға тағзым – ұлт рухын ұлықтау!