Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Алматы облысы Іле ауданының Еңбек ауылында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды және қаржыландыру мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды.

Жалпы ауданы 612 шаршы метрді құрайтын жаңа медициналық пункт Еңбек ауылының және Алатау қаласының іргелес аумақтарындағы 900-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда фельдшер, акушер, санитар және күзетші жұмыс істейді. Ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, науқастарды қабылдауға және медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Жаңа ФАП-тың ашылуы ауыл тұрғындарына уақытылы әрі сапалы алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтеді.

Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, осындай жобалардың жүзеге асырылуы ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, алғашқы медико-санитарлық көмек жүйесін нығайтуға жол ашады.

«Біз мемлекетке қайтарылған активтердің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл қаражаттар әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталып жатыр. Еңбек ауылындағы жаңа ФАП – осының жарқын мысалы. Қайтарылған ресурстар халық игілігіне жұмсалып, жергілікті өмір сапасын арттыруға қызмет етуде», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Нысанның құрылысы Алматы облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша жүргізіліп, «АСК АуылҚұрылысы» ЖШС мердігер ұйымы тарапынан салынды.

Аймақта мұндай бастамалар ауылдық инфрақұрылымды дамытуға және облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.