Балқаш ауданындағы елдімекендер жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен көгілдір отынға қол жеткізіп келеді. Жыл соңына дейін Бақанас ауылындағы жаңа шағынаудан мен Ақжар ауылында газ құбырын орнату жұмыстары толық аяқталмақ.
– 2019 жылдан бері Балқаш ауданында газбен қамту ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылы Миялы, Бақбақты, Бірлік, Бақанас, Ақдала және Бояулы ауылдарындағы 1500 тұрғын үйге газ берілді. Қазіргі таңда тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл «ТурГаз» ЖШС-мен Ақжар ауылына газ тарту үшін 809 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, Бақанас ауылындағы жаңа ықшамауданды газбен қамтамасыз етуге 414 миллион теңге бөлінген. Жыл соңына дейін осы екі жоба толығымен аяқталады. Сонымен қатар, Береке ауылына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 1 миллиард 199 миллион теңгеге мердігермен келісімшарт жасалды. Бұл жоба келесі жылға жоспарланған. Бұған қоса, Бура, Үшжарма және Ақкөл ауылдарын газбен қамту 2026–2027 жылдарға арналған бюджет жоспарына енгізілді. Осылайша, 2027 жылға дейін аудандағы 20 елдімекеннің 11-і, яғни 55 пайызы газ желісіне қосылады. Қалған ауылдар 2030 жылға дейінгі бас жоспарға енгізілген, – деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.
Бақанас ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Үміт Байдабекова газ желісіне былтыр қосылғанын айтты.
– Бұған дейін жыл сайын 4–5 тонна көмір жағып, қатты отын дайындау үлкен шығын мен күшті талап ететін. Қазір үйіміз жылы, балалар да қауіпсіз. Газ қосылған соң тұрмысымыз жеңілдеді, – деді ол.
Ал Ақжар ауылының тұрғыны Гүлмария Шопанбаева: – Қазір үйлерімізді пеш жағу арқылы жылытып отырмыз. Бір тонна көмірдің бағасы 35–40 мың теңге тұрады. Бұл – едәуір шығын. Газ құбыры орнату жұмыстары аяқталып, көгілдір отынға тезірек қол жеткізсек деген үміттеміз, – дейді ауыл тұрғыны.
Бүгінгі таңда Ақжар ауылында жоғары қысымды 5397 метр, орташа қысымды 1127 метр және төмен қысымды 6715 метр газ құбыры тартылып, 46 үйге газ есептеуіш орнатылған. Құрылыс жұмыстары жалғасуда.