Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау апталығы басталды. Шараның негізгі мақсаты – орман қорын толықтыру, табиғи тұқым қорын қалыптастыру және жастардың экологиялық мәдениетін арттыру.
7 қазанда Бақанас орман шаруашылығында өткен іс-шараға орманшылармен қатар колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Нәтижесінде бір күн ішінде 200 келіден астам жиде тұқымы жиналды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, биыл өңірде шамамен 1,5 тонна жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау жоспарланған. «Әрбір жиналған тұқым – ертеңгі жасыл орманның бастауы. Бұл – өңірдің экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті басқарма басшысы Қанат Нүсіпбаев.
Жиналған тұқымдар көктемде облыстық орман тұқымбақтарына жеткізіліп, көшеттерге айналдырылмақ. Кейін олар орман қоры жерлеріне отырғызылып, өңірдің жасыл аймағын кеңейтуге қызмет етеді.
2021 жылдан бері Алматы облысында 17,4 мың гектар аумаққа 38,3 миллион ағаш отырғызылды. Бұл – Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындаудағы өңірдің нақты үлесі саналады